Бүгін – әдебиетте аты алтын әріппен жазылған атақты жазушымыздың туған күні. Әбіш Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде дүниеге келген.
1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады.
1962 – 1965 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. 1965-1968 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрлігінде, 1970-1975 жылдары «Қазақфильм» студиясында (бас редактор), 1975-1984 жылдары Қазақстан КП ОК мәдениет бөлімінде (нұсқаушы, сектор меңгерушісі) жұмыс істеді.
Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді. Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» – Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-93 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.
