🇰🇿🇰🇿🇰🇿
Қазақта “Азаматтың тұлғасына көз жеткізгің келсе, оның ата-тегін сұра, шыққан жерін біл” деген даналық бар. Сол сияқты мемлекетіміздегі халықты құқықтық жағынан қорғайтын, қамтамасыз ететін және азаматтардың міндеттерін айқындайтын қолданыстағы заңдардың бастауы, қайнар көзі Ата заңымыз болып есептеледі. Ағымдағы жылдың 5 маусымында өтетін Республикалық референдумның еліміз үшін қаншалықты маңызға ие екендігін содан көруге болады. Бұл саяси науқанға белсенді қатысу, референдум күні өз таңдауын жасау әрбір Қазақстан азаматының өте үлкен жауапкершілікті міндеті болып есептеледі. Осыған орай барлық Маңғыстаулықтарды, сонымен қатар Мұнайлы ауданы тұрғындарын осы бір тарихи маңызды науқанға белсенді түрде қатысуға шақырамын!
Ағымдағы жылғы Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” атты Қазақстан халқына арналған жолдауында жарияланған саяси реформалардың он басым бағыттарының бірі “Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру” бағыты бойынша өз пікірімді ұсынамын.
Жергілікті өзін-өзі басқару институттарын жетілдіру, біріншіден, жергілікті билікке орталыққа жалтақтамай дербес шешім қабылдауға мүмкіндік береді, екіншіден, жауапкершілігін артырады.
Мемлекет басшысы өз жолдауында Президенттің артық өкілеттіктерін алып тастау және әкімдер мен маслихаттарға жергілікті жерлерде шешімдер қабылдау кезінде көбірек дербестік беру арқылы “қолдан басқару” тәжірибесінен бас тарту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты Президенттің облыс, Республикалық маңызы бар қалалар әкімдері шығарған актілердің қолданылуын тоқтата тұру немесе олардың күшін жою құқығын, сондай-ақ аудан және ауыл әкімдерінің лауазымынан босату құқығын алып тастауға байланысты өзгерістер жоспарланып отыр. Президенттің мұндай өкілеттіктері жойылады. Бұл реформа жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың күшеюіне және жалпы, саяси жаңғыртуға ықпал етуі тиіс.
Құрметті жерлестер! Референдум күні өз таңдауыңды жасау арқылы, өзіңнің және болашақ ұрпақтың тағдырына таңдау жасайтындығыңды ұмытпайық.
Республикалық референдумға жаппай қатысып, болашағымызды айқындауға бірге қатысайық!